Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықов атындағы кабинеттің ашылуы

2019 жылдың 13-желтоқсанында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Педагогика факультетінде Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықов атындағы кабинет ашылды. Аталмыш шараға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылары, Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықовтың ұрпақтары, студенттер қатысты. Кабинеттердің ашылу рәсімі аясында тарихшы-ғалым Д.Қ.Әбенов Қ.Жазықовтың майдандағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі қызметі туралы мәлімет беріп, батырдың қызы, Педагогика факультеті, Педагогика, психология және бастауыш оқыту кафедрасының доценті, п.ғ.к. әкесі туралы естеліктермен бөлісіп, қатысушыларды Кеңес Одағының Батыры Қ.Жазықовтың ұрпақтарымен таныстырды. «Кеңес Одағының Батыры Қ.Жазықов Ұлы Отан соғысынан кейін Н.Байғанин атындағы Ақтөбе мұғалімдер институтында білім алған. Алдағы жылы өзінің 85 жылдығын атап өткелі отырған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеттің тарихы аталмыш институттан бастау алатыны белгілі. Осы университетте әр жылдары Батырдың 3 баласы мен бірнеше немересі білім алып, қазіргі кезде әр салада абыройлы еңбек етіп келеді. Сондықтан Батырдың немерелері өздері оқыған білім ордасының мерейтойы, ұлы Жеңістің 75 жылдығы мен Қ.Жазықовтың 100 жылдық мерейтойлары қарсаңында батыр атындағы кабинетті өз қаржыларына жасақтап, университетке сыйға тартты. Бұл игі қадамды батыр ұрпақтарының бейбіт заманды жақындату үшін күресіп, ерліктің тамаша үлгісін көрсеткен аталарының рухына тағзым деп түсінуге болады», – деді М.Жазықова өз сөзінде.