БАТЫР-ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

2020 жылғы қыркүйек айының 30-ы күні Педагогика факультеті Педагогика, психология және бастауыш оқыту кафедрасының ұйымдастыруымен Ақтөбе өңірлік университетінің 85 жылдық мерейтойы аясында Кеңес Одағының Батыры Қ.Жазықовтың 100 жылдығына арналған «БАТЫР-ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ» атты ашық тәрбие сағаты өтті. Факультет оқытушылары, докторанттар мен магистранттар қатысуымен өткізілген шараны  педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Зина Үсейнғазықызы Адильшинова жүргізіп, алдымен кешегі қан майданда ерліктің тамаша үлгілерімен көзге түсіп, бейбіт күнді жақындатуға ат салысқан, бүгінде арамызда жоқ барлық майдангерлер рухына тағзым ету үшін  бір минуттық үнсіздік жариялады.

Мұнан соң Ұлы Отан соғысынан кейінгі ауыр жылдарда Н.Байғанин атындағы Ақтөбе мұғалімдер институтында (қазіргі Қ.Жұбанов атындағы АӨУ) білім алған Кеңес Одағының Батыры Қ.Жазықовтың 100 жылдық мерейтойына арналған тәрбиелік шараның жүргізушісі қатысушыларды кеш қонақтарымен таныстырды: батырдың шәкірті, ҚР мәдениет қайраткері Құрманбеков Еркін Жолмырзаұлы, батырдың қыздары Лаура және Мақпал Жазықовалар; филология факультетінің 4-курс студенті, батыр атындағы шәкіртақы иегері Ерғалиева Динара. 

Сонан соң сөз факультет деканы, п.ғ.к., доцент Жанна Азатқызы Жусуповаға берілді. Ол бүгінгі тәрбиелік шараның факультет қабырғасында өткізіліп отырғанының символдық мәнін атап айтты.

Кеш барысында Қ.Жазықовтың ерлік пен елдікке толы өмір жолы туралы «Бастауышта оқыту педагогикасы және әдістемесі» білім бағдарламасы 1-курс докторанттары әдеби-танымдық қойылым ұсынды. Тәрбиелік шараға қатысушы қонақтар тарапынан айтылған тартымды естеліктер батыр атаның бейбіт күндегі азаматтық тұлғасын жан-жақты тануға мүмкіндік берді. Аталмыш тәрбие сағатын кафедра меңгерушісі, профессор Гүлшат Рахметжанқызы Бахтиярова қорытындылап,  Қ.Жазықовтай батыр ұлағатын бүгінгі бейбіт заманда жалғастырып жүрген ұстаздарды университетіміздің 85 жылдығымен құттықтап, қонақтар мен қатысушыларға ризашылығын білдірді.